Қолданыстағы білім беру бағдарламасы

6B01701 Казақ тілі мен әдебиеті в Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті

Пәндер

  • Жас ерекшелік психологиясы және физиология

    Курс адамның анатомиясы мен физиологиясы, жас ерекшеліктері туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді, жоғары жүйке қызметінің заңдылықтары және адамның жүйке жүйесінің функционалдық ерекшеліктері қарастырылады. Оқушылардың онтогенездегі психикалық және физиологиялық дамуы, жас ерекшеліктері мен дамуының негізгі заңдылықтары, психофизиологиялық нормаларды есепке алу негізінде баланың дамып келе жатқан тұлғасының маңызды психикалық ерекшеліктері туралы жүйелі түсінігін қалыптастырады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Мамандыққа кіріспе

    Мамандыққа кіріспе курсы «Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 1-курс бакалавр мамандығы бойынша оқитын студенттерге арналған. Бұл курста болашақ мамандықтың терминологиясы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ғылыми негіздері, кәсіби қызметінің ерекшеліктері, кәсіби қызмет түрлері, кәсіби қызмет салалары, қазіргі қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының жалпы теориялық мәселелері, тіл білімі мен қазақ әдебиеттану ғылымының жетістіктері мен проблемалары қарастырылады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 3
  • Инклюзивті қоғам құндылықтарын қалыптастыру

    Пән студенттердің инклюзия құндылықтарын, әртүрлілікке құрметпен қарау, мүмкіндіктер мен білім алуға қолжетімділікте теңдік қағидаларын түсінуін дамытуға бағытталған. Курсты оқу барысында білім алушылар инклюзивті тәжірибе қағидаттарын меңгеріп, инклюзияның құқықтық және этикалық аспектілерін талдайды, сондай-ақ мультимәдениетті және инклюзивті ортада тиімді өзара іс-қимыл жасау дағдыларын қалыптастырады. Бағдарлама әлеуметтік жауапкершілік пен төзімділікті негізгі кәсіби құзыреттер ретінде дамытуға ықпал етеді

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Экономика және кәсіпкерлік негіздері

    Бұл негізгі экономикалық принциптерді, нарықтық тетіктерді, меншік нысандарын және экономикалық қызмет заңдылықтарын зерттейтін пән. Курс сұраныспен ұсыныстың, бәсекелестіктің, салық салудың, қаржыландырудың, инвестициялаудың және бизнесті жоспарлаудың негізгі аспектілерін қамтиды. Кәсіпкерлік ойлауды дамытуға, тәуекелдерді талдауға және бизнесті басқару стратегияларына ерекше назар аударылады. Бұл пәнді оқу бизнес жүргізудің, экономикалық негізделген шешімдер қабылдаудың практикалық дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Әдебиеттануға кіріспе

    Пән әдебиеттану ғылымының теориялық-методологиялық негіздерін меңгеруге бағытталған. Пән мазмұнында әдебиеттанудың негізгі салалары мен даму кезеңдері, сондай-ақ көркем образ және образдылық, көркем шығарманың құрылымдық компоненттері ретінде тақырып пен идея, мазмұн мен пішін, сюжет пен композиция мәселелері қарастырылады. Білім алушылар көркем туындының табиғаты мен ерекшеліктерін жан-жақты зерттеп, әдеби шығармаларды әдеби-теориялық тұрғыдан сараптауды меңгеріп, ғылыми негізде талдау жасау дағдыларын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Тұрақты даму, экология және тіршілік қауіпсіздігі негіздері

    Бұл пән өмірдің әртүрлі салаларында қауіпсіздік негіздерін оқытуға, сондай-ақ адамның табиғатпен өзара әрекеттесуін зерттеуге бағытталған. Ол қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қамтиды және жаһандық экологиялық және әлеуметтік қиындықтарды шешу үшін стратегияларды бағалау мен әзірлеу дағдыларын қамтиды. Курстың аясында су ресурстарының, ауа сапасының, жердің деградациясының, азық-түлік қауіпсіздігінің, сондай-ақ адам әрекетімен туындаған табиғи және техногендік апаттардың қауіпсіздігі мәселелері қарастырылады және олардан қорғау әдістері тұрақты даму мақсаттары контекстінде талқыланады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қаржылық сауаттылық негіздері

    Пәнің мақсаты- білім алушылардың жеке қаржысын басқарудағы негізгі білімдері мен практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Курс негізгі экономикалық түсініктерді, ұтымды бюджеттеу, инвестициялау, жинақтау және қаржылық тәуекелдерден қорғау принциптерін қамтиды. Несиелеу, инвестициялау, қаржылық қызмет көрсету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл курсты аяқтау білім алушыларға негізделген қаржылық шешімдер қабылдауға, қарыз тұзақтарынан, қаржылық пирамидалардан аулақ болуға және өз қаражаттарын тиімді басқаруға көмектеседі.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Құқық негіздері және антикоррупциялық мәдениет

    Пәннің мақсаты-негізгі құқықтық ұғымдарды , қағидаттар мен нормаларды, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін зерделеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру. Курс заңнаманы талдауды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тетігін және этикалық стандарттарды қамтиды. Құқықтық сауаттылықты дамытуға және әрбір азаматтың құқықтық тәртіп пен әділеттілікті сақтаудағы рөлін түсінуге баса назар аударылады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Тіл біліміне кіріспе

    «Тіл біліміне кіріспе» курсы тілдің негізгі мәселелері мен тіл және қоғам, тіл мен ойлау, тілдің өзара байланысы және олардың даму заңдылықтары сияқты лингвистикалық проблемаларды қамтитын тіл білімінің тақырыптарын ұсынады. Бұл курс студенттерге тіл білімі ғылым ретінде және оның басқа ғылымдармен байланысы, тілдің шығу тегі мен құрылымы, оның құрылымының ерекшеліктері туралы алғашқы мәліметтерді береді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 3
  • Педагогика

    Пәннің мазмұны білім алушыларда педагогикалық ғылымның теориялық – әдіснамалық негіздері және кәсіби – педагогикалық іс-әрекеттің мәні туралы тұтас көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Курсты оқу білім беру ортасында тұтас педагогикалық процесті ұйымдастырудың мазмұны, принциптері, формалары мен әдістері туралы қажетті білімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Курсты оқу білім алушыларда оқу мен оқытудағы заманауи тәсілдерді сәтті жүзеге асыру үшін қажетті құзыреттерді қалыптастырады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ халық ауыз әдебиеті

    Пән білім алушыларға қазақ халқының ауызша шығармашылығын, әлеуметтік және мәдени маңызын, дәстүрлі фольклорын, жанрларын, түрлерін тереңірек зерттеуге бағытталған. Сонымен қатар, қазақ халық ауыз әдебиетінің негіздері мен ерекшеліктері талданып, оны зерттеудің әдіс-тәсілдері түсіндіріледі. Қазіргі заманғы фольклорлық үрдістер, мемдер, интернет-аңыздар және жаңа медианың әсері, заманауи фольклордың жанрлары мен түрлері қарастырылып, талдау жасалынады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Инклюзивті білім беру

    Курс барысында студенттер инклюзивті білім берудің принциптері мен әдістемелік негіздері туралы білімдерін қалыптастырады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауға, инклюзивті білім беруді нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуде туындайтын кедергілерді болдырмауға, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы ұйымдастырушылық және басқару құзыреттеріне қатысты заманауи талаптардың жаңа үлгілері туралы идеялар қалыптасады. Білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау үлгілері туралы білімді меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 3
  • Функционалды фонетика

    Пән қолданбалы оқыту мәселелерін шешуге, қазақ тілінің фонетикалық деңгейлерінің тілдік бірліктерінің қызметін сипаттауға, фонетика сөздің айтылуына негізделетінін анықтауға, сөздің айтылуы мен жазылуы, дыбыстардың қолдану қабілеттілігі, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісі, мәні мен сипатын анықтауға арналған. Қарастырылатын мәселелер: тіл дыбыстары, сөздердің буындық құрылымы, дыбыс тіркесімі, буын, екпін, интонация, айтылымның артикуляциялық және акустикалық ерекшеліктері, орфографиялық, орфоэпиялық нормалар

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің семасиологиясы және оны оқыту негіздері

    Пән қазақ тілінің қазіргі лексикалық жүйесінің семасиологиялық сипаты туралы, семасиологияның негізгі теориялық мәселелері, сөздік құрамының ерекшеліктері, сөз мағынасы, сөз құрамындағы элементтердің өзара мағыналық қарым-қатынасы, мағына құрылымының макро және микрокомпоненттері, сөз мағынасы түрлерінің даму зандылықтарын қарастыруға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: сөз мағынасының макро және микро компоненттері, көпмағыналылық, сөз мағынасының өзгеру тәсілдері, сөз мағынасының типтері, семантикалық өріс, мектеп бағдарламасымен байланысы.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Фольклор тарихы

    Пән білім алушыларға халықтың ауыз әдебиетінің шығу тегі, даму процесі, жанрлық түрлері мен олардың қоғамдық және мәдени өмірдегі рөлі туралы терең білім береді. Халықтың рухани мұрасының негізгі элементтерін зерттеп, оның тарихи, әлеуметтік эстетикалық аспектілерін ашуға бағытталған. Фольклористикасының жиналып, зерттелуін, фольклор тарихы мен жазба әдебиеті арасындағы байланысын, қазақ халық фольклорлық тарихы, диалектология, этнография жайлы білім негіздері мәселелері қарастырылады

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ фольклоры және оны оқыту негіздері

    Қазақ фольклорының тарихы және фольклористика ғылымы туралы, оның зерттелуі, дәстүрлі фольклор поэтикасы, фольклорлық мұраның идеялық-эстетикалық құндылықтары, фольклорлық мұралардың бүгінгі көрінісі мен қолданысы туралы теориялық білім қалыптастырылып, оны іс-тәжірибеде қолдана алу дағдысын жетілдіруге бағытталған. Фольклордың әлеуметтік маңызы, ерекшеліктері, фольклор және жазба әдебиеті арасындағы өзара сабақтастық мәселелері, халық әдебиетінің түрлері жан-жақты талданып, қарастырылады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы және фразеологиясы

    Пән қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясының өзекті мәселелері, сөз және ұғым, мағына және оның түрлері, сөз мағынасының даму жолдары, сөздердің шығу төркінін, сөздік құрамның толығу, даму жолдарын, сөздердің тілде қолданылу сипатын, экспрессивті-стилистикалық мәнін, тұрақты сөз тіркестерінің ерекшеліктерін меңгертуге бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: сөз, ұғым, мағына, сөздің мағыналық өзгерістері, сөздердің шығу төркіні, сөздік құрамның толығу, даму жолдары, қазақ тілінің сөздік құрамы.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Орта білім беру жүйесіндегі қазіргі тенденциялар

    Пән білім беру философиясы мен әдіснаманың жаңаруы туралы мәселелерді қарастырып, білім беру мазмұнын құру әдісін талдауға арналған. Қарастырылатын мәселелер: білім беру жүйесінің жаңаруы, жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшеліктері, жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымы, мазмұны және мақсаттары, критериалды бағалау жүйесі, Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттары иерархиясы, пәнаралық байланыс, сабақты зерттеу, сын тұрғысынан ойлау, функционалдық сауаттылық, бірлескен оқу, білім берудегі цифрлық технологиялар.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы

    Пән қазіргі қазақ тілі дыбыс жүйесінің зерттелуі, тіл дыбыстарының құрамы мен ерекшеліктері, сингармонизм заңы, буын, екпін, тасымал, интонология туралы негізгі теориялық білім беруге, фонетикалық талдау жасауды меңгертуге бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: қазақ тілінің дыбыстық жүйесі, дыбыстардың жасалуы, қазақ тілінің фонетикалық даму заңдылықтары, орфоэпия мен орфография мәселелері, сөйлеу және жазудың маңызы, арақатынасы, тілдегі орны.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің фонологиясы және оны оқыту негіздері

    Пән қазақ тіл білімінде фонология мәселесіне қатысты зерттеулерді, фонологиялық заңдылықтарды, тіл дыбыстары, сөздердің буындық құрылымы, дыбыс тіркесімі, буын, екпін, сөз просодикасы, интонация, просодиялық фонологияны құрайтын тілдік элементтердің даму зандылықтарын, мектеп бағдарламасымен байланысын қарастыруға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: дыбыс, әріп, фонема, фонологиялық заңдылықтар, фонологиялық заңдылықтардың қызметі, қазақ тілінің фонологиялық ерекшелігі, сөз просодикасы, сөздердің буындық құрылымы, дыбыс тіркесімі.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Функционалды лексикология

    Пән қолданбалы оқыту мәселелері, сөздердің тілде қолданылу сипатынан туатын ерекшеліктері, стильдік түрлері, экспрессивті-стилистикалық сипаты, сөздердің жиі қолданылатын (актив) немесе қолданысқа көп түспейтін (пассив) топтары туралы, қазақ тілінің лексикалық деңгейлерінің тілдік бірліктерінің қызметін сипаттауға арналған. Қарастырылатын мәселелер: лексикалық мағынаны семантизациялау мәселелері, лексемалардың функционалдық-семантикалық ерекшеліктерін анықтау, лексикалық бірліктердің топтастырылу түрлері, функционалды-семантикалық өріс, функционалдық-коммуникативтік парадигмалар.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің морфемалар жүйесі және оны оқыту негіздері

    Пән қазақ тіліндегі күрделі ұғым - морфемалар туралы теориялық негіздермен, ғылыми тұжырымдармен таныстырып, оны оқыту жүйесін қарастыруға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: тілдегі морфтар жүйесі, оның лексика-грамматикалық сипаты, семантикалық ерекшеліктері мен қызметі, морфтар морфонологиясы, грамматикалық мағына, нөлдік форма, анатитикалық бірліктер мен морфемалар жүйесінің орта мектеп бағдарламасында көрініс табуы, оны оқыту негіздері, теориялық білімді практика жүзінде бекіту әдістері.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Түркілік әдеби мұра және қазақ эпосы

    Пән түркі халықтарының бай әдеби мұрасы мен қазақ эпосының қалыптасуы мен даму тарихын зерттеуге бағытталған. Курста түркі әдебиетінің алғашқы кезеңдеріндегі жазба жәдігерліктер мен ауыз әдебиетінің үлгілері, сондай-ақ, қазақ эпосының көркемдік ерекшеліктері, тақырыптық мазмұны қарастырылады. Пәнді оқу барысында білім алушы әдеби туындыларға теориялық талдау жасауды меңгеріп, алған теориялық білімін тәжірибеде қолдана алу дағдысын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы мен морфологиясы

    Пән қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы мен морфологиялық құрылысының мәселелері, зерттелуі мен теориялық негіздері, сөздердің морфологиялық құрылымы, негізгі грамматикалық ұғымдар, тілдің сөзжасам жүйесі, сөздердің сөзжасамдық қабілеті, сөз таптарының лексикалық және грамматикалық сипаты мен зерттелуін қарастырады. Пән мазмұны бойынша білім алушы тілдік тұлғаларға сөзжасамдық, морфологиялық талдау жасауды меңгеріп, оны іс-тәжірибеде қолдана алу дағдысын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Функционалды грамматика

    Пән функционалды грамматиканың негізгі ұғымдарын, әдіс-тәсілдерін меңгертіп, дәстүрлі грамматикамен салыстыра қарастыруға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: функционалды грамматиканың ғылыми сипаттамасы, жалпы тіл білімінде зерттелуі, функция термині, қазақ лингвистикасында грамматиканы функционалды тұрғыдан зерттеудің негізгі ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері, тіл біліміндегі өріс теориясы, функционалық-семантикалық категориялар, аспектуалды-семантикалық категория, функционалды грамматика мен құрылымдық грамматиканың өзара байланысы мен ерекшеліктері.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Хандық дәуірдегі әдебиет және оны оқыту негіздері

    Пән XV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиетіндегі жыраулық дәстүрдің қалыптасуы мен көркемдік жүйесін зерттеуге бағытталған. Жыраулар поэзиясының жанрлық, стильдік, идеялық ерекшеліктері мен тарихи-философиялық мазмұны халықтың дүниетанымымен сабақтастықта қарастырылады. Жыр мәтіндері ауызша дәстүр мен эпикалық мәдениеттің өкілі ретінде талданып, жыраулардың шығармашылығында әлеуметтік-саяси мәселелер, батырлық, ел бірлігі мен әділеттілік мәселелері кеңінен талдап қарастырылады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясы

    XV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиетіндегі жыраулық дәстүрдің қалыптасуы мен көркемдік жүйесін зерттеу қазақ поэзиясының терең әрі көпқырлы сипаттарын ашуға мүмкіндік береді. Жыраулар поэзиясы өз дәуірінің тарихи және әлеуметтік мәселелерін көтеріп, халықтың рухани дүниетанымын айқындайды. Жырлар, көбінесе, ауызша дәстүр мен эпикалық мәдениеттің маңызды бөлігін құрап, әлеуметтік әділетсіздік, батырлық, елдің бірлігі секілді тақырыптарды қозғайды. Бұл шығармашылық көркемдік тәсілдердің көпшілігі кеңінен қарастырылып талданады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Көне дәуір әдебиеті және оны оқыту негіздері

    Пән көне түркі әдебиеті бастауларымен және оны мектеп бағдарламасында оқыту әдістерімен таныстыруға арналған. Пән мазмұны ежелгі сақ, ғұн тайпаларының жазбаларынан бастап, VI-XIV ғасырлар аралығындағы көне түркі жазба ескерткіштері, Оғыз-Қыпшақ дәуірінің әдеби мұралары, ислам дәуірінің әдебиет үлгілері мен Алтын Орда кезеңіндегі әдеби және тарихи шығармаларды қамтиды. Осы кезең әдебиетін мектепте оқыту мен мазмұнын оқушылардың жас ерекшелігіне сай меңгертудің жолдары қарастырылады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Ежелгі дәуір әдебиеті

    Пән сақтар мен ғұндардың жазу-сызуларынан бастап, VI-XIV ғасырлар аралығындағы түркі жазба әдебиетінің даму кезеңдерін зерттеуге бағытталған. Пән мазмұнында көне түркі жазба ескерткіштері, Оғыз-Қыпшақ дәуірінің әдеби мұралары, ислам дәуіріндегі әдебиет, сондай-ақ Алтын Орда кезеңінде жазылған әдеби және тарихи шығармалар қарастырылады. Ежелгі түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиетін, олардың рухани мұраларын зерттей отырып, көне тарих пен көшпенділер мәдениеті арасындағы сабақтастықты зерделейді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • ХV-ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиеті

    Пән ХV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихи даму үдерісін, жыраулық поэзия мен ауызша дәстүр үлгілерін, олардың жанрлық ерекшелігі мен поэтикалық құрылымын талдауға бағытталған. Эпостық жырлар мен тарихи туындылардың ұлттық әдебиеттегі орнын анықтай отырып, авторлық фольклор мен ұлттық идентификацияны танытатын көркемдік элементтер қарастырылады. Пән аясында ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр көріністері мен әдебиеттің тарихи, әлеуметтік, философиялық мәні талданады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Абай әлемі

    Пән тарихи фактілерді, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының идеялық-эстетикалық құндылықтарды қалыптастыратын философиялық-көркемдік негіздерін игерте отыра, студенттің өз пікірін айта білу, практикалық дағдыларды және адамгершілік, адалдық, көркем мінез сияқты адами қасиеттерді қабылдауды меңгертеді. Қазақ әдебиеті қаламгерлерінің данышпандық қырлары мен М.Әуезовтің Абай мұрасын зерттеу, насихаттаудағы рөлін, шығармаларының тарих, әдебиет, ғылым үшін маңызын айқындайды.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 3
  • ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті

    Пән ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихи даму үдерісі мен көркемдік ерекшеліктерін, ағартушылық, демократиялық және реалистік бағыттардың қалыптасуын жүйелі түрде зерттеуге бағытталған. Шоқан, Абай, Ыбырай шығармашылығы, зар заман ақындарының поэзиясы, айтыс дәстүрі және поэтикалық тілдің жаңғыруы тарихи-мәдени контексте қарастырылады. Әдебиеттегі авторлық стиль мен әдеби эволюцияға басымдық беріледі. Бұл зерттеулер қазақ әдебиетінің ішкі даму динамикасын, оның көркемдік тәсілдеріндегі өзгерістерді тануға мүмкіндік береді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі

    Пән болашақ мұғалімдерді көркем әдебиетті оқыту мен оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Пән барысында әдеби білім мазмұны, тиімді әдіс-тәсілдер, заманауи цифрлық технологиялар мен инновациялық әдістемелер меңгертіледі. Сонымен қатар көркем мәтінді жанрлық, тақырыптық ерекшелігіне қарай талдау жолдары, сабақ құрылымы, оқыту стратегиялары мен бағалау жүйесі қарастырылады. Бұл пән мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыруға, оқу үдерісін сапалы ұйымдастыруға негіз болады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ әдебиетін оқытудың инновациялық әдістері

    Пән әдеби шығармаларды оқытуда заманауи білім беру талаптарына сай жаңашыл технологиялар мен әдіс-тәсілдерді меңгертетуге бағытталған. Пән мазмұнында цифрлық ресурстар мен платформаларды қолдану, интерактивті оқыту, жобалық, саралап, деңгейлеп оқыту технологиялары қарастырылады. Сонымен қатар оқушылардың әдеби талдау дағдыларын, танымдық қызығушылығын, шығармашылық қабілетін, сыни және зерттеушілік ойлауын дамыту әдістері меңгертіледі. Мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыруға негіз болады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Алаш әдебиеті және оны оқыту негіздері

    Пән Алаш қозғалысы кезеңіндегі қазақ әдебиетінің идеялық-эстетикалық, қоғамдық-саяси мазмұнын, оның әдеби дамудағы орнын және Алаш қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын қарастыруға арналған. Пән мазмұнында ХХ ғасыр басындағы ұлттық сананың оянуына ықпал еткен Алаш зиялыларының қоғамдық, ағартушылық және әдеби қызметі, олардың шығармаларының тақырыптық ерекшеліктері, көркемдік сипаты мен тарихи маңызы қамтылады. Алаш әдебиетін мектепте оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері, көркем мәтінмен жұмыс істеу тәсілдері қарастырылады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Функционалды синтаксис

    Пән қазақ тіл біліміндегі функционалды синтаксис бағытындағы ғылыми-теориялық ақпараттарды баяндауға арналған. Қарастырылатын мәселелер: функционалды синтаксистің пәні мен негізгі бірліктері; сөйлесім синтаксисінің лингвистикалық-функционалдық табиғаты; сөйлесім әрекетінің экстралингвистикалық табиғаты; оқшау сөздердің (одағай, қаратпа, қыстырма құрылымдар) коммуникативтік сипаты; сөйлесім және мәтін; функционалды синтаксистің жалпы тіл біліміндегі және қазақ тіл біліміндегі зерттелу тарихына шолу.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ әдебиетін оқытудың теориясы мен технологиясы

    Пән болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін кәсіби даярлауға бағытталған курс. Пән мазмұнында мектеп бағдарламасындағы көркем шығармаларды тиімді оқыту мен талдаудың ғылыми-теориялық негіздері, әдіс-тәсілдері мен заманауи, цифрлық білім беру технологияларын үйретеді. Білім алушылар сабақ құрылымын жоспарлау, оқу мақсаттарын жүйелеу, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың қызығушылығын арттыру және бағалау түрлерін тиімді қолдану жолдарын меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілін оқыту әдістемесі

    Пән қазақ тілін оқыту әдістемесінің методологиялық, теориялық негіздерін саралап, ғылыми нәтижелер мен әдістемелік тұжырымдарды талдауға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы мен даму кезеңдері, тілді оқытудың әдістері мен ұстанымдары, қазақ тілінің фонетикасын, грамматикасын және лексикасын оқыту әдістемесі, орфографиялық, пунктуациялық нормаларды оқыту әдістемесі, интерактивті әдістерді, онлайн ресурстар мен мобильді қосымшаларды тиімді қолдану жолдары, сабақ мазмұнын айқындап, сабақты ұйымдастыру әдістері.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ тілінің сөз тіркесі және жай сөйлем синтаксисі

    Пән сөйлемнің негізгі белгілері, сөйлемдегі сөздердің байланысу тәсілдері мен байланыс түрлері, сөйлем мүшелері мен сөз тіркестері, жай сөйлемдердің мағыналық-құрылымдық ерекшеліктері туралы теориялық ақпараттарды меңгертуге және практикалық тапсырмаларды орындау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: синтаксистік байланыс пен синтаксистік қатынас, синтаксистік желі туралы түсініктер; сөз тіркесі; сөйлем мүшелері; семантикалық үшбұрыш туралы түсінік; жай сөйлемнің мағыналық-құрылымдық түрлері.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінен функционалдық сауаттылық қалыптастыру әдістемесі

    Пән білім алушылардың қазақ тілінен функционалдық сауаттылығын қалыптастыру әдістемесінің теориялық және практикалық негіздерін қарастыруға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: қазақ тілінен функционалдық сауаттылық қалыптастырудың теориялық және практикалық негіздері, қазақ тілінің функционалдық-коммуникативтік грамматикасы, қазақ тілін сапалы оқытуды ұйымдастырудың тиімді жүйесі, мәтінмен жұмыс: талдау, ақпаратты дұрыс қабылдау және оны тиімді пайдалану әдістері, когнитивтік және шығармашылық ойлау дағдысы, тілдің коммуникативтік қызметі.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • ХХ ғ. І жартысындағы қазақ әдебиеті

    Пән ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін, әдеби үдерістегі бағыттар мен ағымдарды, сондай-ақ әдебиет өкілдерінің шығармашылық мұрасын жан-жақты қарастыруға арналған. Пән мазмұнында 1900-1950 жж. ақын-жазушылардың әдеби мұрасы, шығармаларының идеялық-саяси бағыттары мен көркемдік сипаты қамтылады. Олардың әдеби қызметі мен шығармаларына талдау жасалады. Сонымен қатар сол кезеңдегі поэзия, проза, драматургия жанрларының даму ерекшеліктері мен тақырыптық, идеялық мазмұны сараланады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Отарлау кезеңіндегі әдебиет және оны оқыту негіздері

    Пән ХІХ ғасырдағы «Зар заман» ақындары шығармашылығындағы идеялық мазмұн, тілдік-стильдік ерекшеліктер мен көркемдік дәстүрді терең зерттеуге бағытталған. Қоғамдық-тарихи жағдай мен әдебиет байланысы қарастырылып, ұлттық сана, тағдыр мен еркіндік мәселелері кеңінен сараланады. Ақтамберді, Дулат, Мұрат, Шортанбай, Әбубәкір ақындар шығармашылығы олардың поэзиясындағы философиялық, әлеуметтік және эстетикалық мәселелер тұрғысынан талданады. Бұл ақындардың шығармалары арқылы кезеңнің рухани ізденістері мен қоғамдық ой-толғаныстары көрініс табады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Жай және күрделенген сөйлемдер синтаксисі және оны оқыту негіздері

    Пән сөйлемнің негізгі белгілері, жай және күрделенген сөйлемдердің мағыналық-құрылымдық ерекшеліктері мен түрлері, сөйлемдегі сөздердің байланысу сипаттары, сөйлем мүшелерінің сөйлемді қалыптастырудағы рөлі туралы теориялық ақпараттарды баяндауға және сөйлемді оқыту негіздерін қарастыруға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: сөйлемнің коммуникативтік қызметі; сөйлемнің мағыналық және құрылымдық аспектісі; жай, күрделенген сөйлемдердің мағыналық-құрылымдық түрлері; мектеп бағдарламасындағы жай мен күрделенген сөйлемдердің көрініс табуы және оларды оқыту әдістері.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Тілдік дағдыларды дамыту әдістемесі

    Пән тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын дамытудың теориялық негіздерін талдап, тәжірибелік әдістер мен стратегияларды қолдану әдістемесін ұсынуға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: Тілдік дағдылардың теориялық негіздері, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын дамыту әдістері мен түрлері, айтылым дағдысын дамытуға арналған стратегиялар, оқу техникасы мен әдістері, жазбаша қарым-қатынасты дамытуға арналған тапсырмалар, цифрлық ресурстар мен мобильді қосымшалар арқылы тілдік дағдыларды дамыту.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілтанымы мен елтанымы

    Пән қазақ тіл білімі мен елтанымы туралы түсінік қалыптастырып, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытуға қажетті білім, дағдыны жинақтауға арналған. Пәнді оқыту барысында қазақ халқының рухани, материалдық мәдениетіне қатысты әдеби-тарихи мұраны, кәсібі мен тұрмысын, салт-дәстүрін тіл арқылы таныту мақсаты көзделеді. Әртүрлі ортада қазақ тілінде қарым-қатынас орната алу дағдысы қалыптасады, танымдық біліктіліктері дамиды.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ жазба әдебиетінің қалыптасу тарихы

    Пән Абай шығармашылығының көркемдік жүйесін, философиялық-эстетикалық бағдарын және оның әдеби дәстүрдегі орнын терең талдауға бағытталған. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі тақырыптық, стильдік, рухани-адамгершілік мазмұн тарихи-мәдени контексте қарастырылады. Абайдың шығармашылығындағы гуманистік ойлар мен ұлттық санадағы жаңғыру көріністері кеңінен зерттеледі. Ақынның кейінгі қазақ әдебиетіне тигізген әсері мен оның ұлттық әдебиеттегі тұлғалық феномені ерекше назарға алынады. Абайдың поэзиясы мен философиясының әдебиеттегі маңызы талданады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ және орыс тілдерінің салғастырмалы грамматикасы

    Пән қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде мемлекеттік тілді меңгерту үшін қажетті де маңызды пән болып табылады. Пән қазақ және орыс тілдерінің грамматикалық құрылысы, фонетикалық жүйесі туралы салғастырмалы мәлімет беруге бағытталған. Сабақ барысында тілдің генетикалық мәселелері, салғастырмалы тіл білімінің даму бағыттары мен ерекшеліктері, фонологиялық, морфологиялық, синтаксистік жүйелердегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар, орыс тіліндегі термин сөздердің қазақша баламаларын түпнұсқамен салыстыру, талдау жұмыстары жүргізіледі.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиеті

    Пән ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай, осы кезеңдегі әдеби даму ерекшеліктері мен қаламгерлер шығармашылығын жан-жақты қарастыруға арналған. Пән мазмұнында ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы ұлттық сананың оянуы, ағартушылық идеялардың әдебиеттегі көрінісі, сондай-ақ бұл кезеңдегі поэзия, проза, публицистика жанрларының даму ерекшеліктері қамтылады. осы кезең өкілдерінің шығармашылық мұрасы мен олардың ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан үлесі пәннің негізгі өзегін құрайды.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілін оқытудың психолигвистикалық негіздері

    Пән қазақ тілін оқыту үрдісіндегі психологиялық және лингвистикалық аспектілерді, психолингвистикалық теорияларды талдап, оқыту әдістемесін жетілдіруге бағытталған Қарастырылатын мәселелер: тіл үйренудің психологиялық негіздері, тіл үйрену процесінің психологиялық механизмдері, тіл үйренушінің психологиялық ерекшеліктері, тілдік қабілеттердің даму ерекшеліктері, жеке тұлғалық даму мен тіл меңгеру арасындағы байланыс, тілді оқыту барысындағы танымдық үрдіс, тілдік дағдылардың психолингвистикалық аспектілері, оқытудың тиімді әдістері.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиеті және оны оқыту негіздері

    Пән кеңес кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі поэтикалық жаңғыру үдерістерін, дамуын ұлттық рух пен көркемдік-эстетикалық ізденістерді, бейнелеу құралдары мен стильдік жаңалықтарды жүйелі зерттеуге бағытталған. Кеңестік кезеңдегі поэзия мен прозадағы азаматтық лирика, философиялық рефлексия, әдеби жанрлар мен стильдік жаңашылдықтар (әңгіме, новелла, повесть, роман, драматургия) т.б ұлттық сана мен метафоралық ойлау ерекшеліктері тарихи-көркемдік контексте қарастырылады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазіргі шетел әдебиеті және аударма

    Пән заманауи шетел әдебиетінің негізгі ағымдары мен бағыттарын зерттеуге бағытталған. Пән студенттерге әлем әдебиетінің заманауи туындылары мен аударма процесінің ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі, сондай-ақ аударма саласындағы теориялық және практикалық аспектілерді тереңірек зерттейді. Қарастырылатын мәселелер: Әдеби шығармалардың мәдениетаралық байланыстары; Аударманың рөлі мен маңызы, түрлі әдеби мектептер, ағымдар мен стильдер; Көркем туындының шет тілінен қазақ тіліне трансформациялануы.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы жасанды интеллект пен ІТ технологиялар

    Пән заманауи білім беру кеңістігінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда жасанды интеллект (AI) пен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (ІТ) пайдаланудың теориялық және практикалық негіздерін меңгеруге бағытталған. Пән мазмұнында жасанды интеллект мүмкіндіктері, цифрлық білім беру платформалары, интерактивті оқу құралдары, мультимедиа ресурстары, электрондық оқулықтар мен онлайн бағалау жүйелері қарастырылады. Білім алушылар сабақта қолдануға болатын түрлі ІТ құралдармен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі

    Пән қазақ тілін және әдебиетін екінші тіл ретінде меңгертудің теориялық-әдістемелік негіздерін үйретуге бағытталған курс. Пән мазмұнында тілдік орта қалыптастыру, коммуникативтік бағытта оқыту, көркем мәтінді жанрлық-тақырыптық тұрғыда талдау, кейіпкерлерге сипаттама беру, сөздік қорды байыту, әдеби қабылдау мен түсіну дағдыларын дамыту қарастырылады. Сонымен қатар шығармашылық тапсырмалар, интерактивті әдістерді тиімді қолдану жолдары меңгертіледі.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Әлемдік әдеби үрдіс және оны оқыту жүйесі

    Пән шетел әдебиетінің көркем шығармаларын әдеби тұрғыдан талдап, сын тұрғысынан бағалауға бағытталған. Пән студенттерге әдеби сыни теориялар мен әдіснамаларды түсінуге, оларды комуникативте қызметте іске асыруға және шетел әдебиетіндегі шығармашылық үрдістер мен сыншыл ойлардың эволюциясын зерделеуге мүмкіндік береді. Қарастырылатын мәселелер: Шетел әдебиетінің сыни бағыттары; Шығармашылық әдістер мен бағыттар; Әдеби сын мен оның қоғамдық рөлі, заманауи сыни тәсілдер.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Шетел әдебиеті

    Пән студенттерге шетел әдебиеті тарихының негізгі бағыттары мен ағымдарын, түрлі кезеңдердегі әдеби тұлға шығармашылығын оқытуға арналған. Пән шетелдік шығармалардың тақырыптық, стильдік, жанрлық ерекшеліктерін көркемдік тұрғыдан жаңа биіктерге көтерілу құбылыстарын зерделеуге бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: Шетел әдебиетінің басты өкілдері мен философиялық бағыттар және идеяларды таныту; Әдебиеттің әлеуметтік және мәдени тұрғыдан қоғамға әсері; Әлем әдебиетінің әдебиетінің өзара байланысы мен ықпалдастығы.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Грамматикалық талдау

    Пән қазақ тілінің грамматикалық жүйесі (морфологиялық жүйе мен синтаксистік жүйе) біртұтас жүйе екенін зерттеп таныту және талдауға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: морфологиялық жүйедегі морфологиялық тұлғалардың синтаксистік бірліктерді қалыптастырудағы рөлі; синтаксистік бірліктердің (сөз тіркесі, сөйлем мүшесі, сөйлем, құрмалас сөйлем) құрамындағы морфологиялық тұлғалардың мағыналары мен қызметтерін жүйелеу; синтаксистік желіден тыс тұратын құрылымдардың қызметтері.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • ХХ ғ. ІІ жартысындағы қазақ әдебиеті

    Пән ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихи даму кезеңдері, әдеби ағымдары мен бағыттары, көркемдік ерекшеліктері және идеялық ізденістері туралы кешенді білім беруге бағытталған. Кеңестік идеология, цензура, ұлттық сана, авторлық позиция, әдебиеттегі моральдық-этикалық ізденістер мен көркем әдебиеттегі соцреализм тақырыптары, әдеби жанрлар мен стильдік жаңашылдықтар (новелла, повесть, роман) т.б. тарихи-әлеуметтік контексте қарастырылады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың интеграцияланған әдістемесі

    Пән қазақ тілі мен әдебиеті мазмұнын біртұтас, өзара байланыста оқытудың теориялық және практикалық негіздерін меңгертуге бағытталған курс. Пән аясында көркем мәтін арқылы тілдік және әдеби білімді ықпалдастыра меңгерту, тыңдау, сөйлеу, оқу, жазу дағдыларын дамыту, әдеби-тілдік талдау жасау, шығармашылық тапсырмалар әзірлеу, мәтінмен жұмыс істеу арқылы функционалдық сауаттылықты арттыру және оқушы құзыреттілігін қалыптастыру әдістері қарастырылады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • 1960-1990 жылдардағы қазақ әдебиеті

    Пән 1960-1990 жылдар аралығындағы қазақ әдебиетінің кеңестік идеология жағдайында дамуын, қалыптасуын, әдеби бағыттары мен идеялық-рухани ізденістерін, көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты талдауға бағытталған. Пән мазмұнында әдебиеттің әлеуметтік қызметі, қаламгерлердің азаматтық ұстанымы, әдеби жанрлар мен стильдік жаңашылдықтар (әңгіме, новелла, повесть, роман) т.б. цензура, социалистік реализм және әдебиеттегі адам мен қоғам образы тарихи-көркем контексте қарастырылады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің стилистикасы және тіл мәдениеті

    Пән қазақ тіл біліміндегі стилистика және тіл мәдениеті ғылымының теориялық негіздері туралы мағлұмат береді. Қазақ әдеби тілінің стилистикалық құралдары, стильдік тармақтарын түсіндіреді. Тіл мәдениеті, сөз мәдениеті, әдеби тіл нормалары, әдеби тілдің функционалдық стильдері мен ерекшеліктеріне тоқталып, тіл мәдениеті мен стилистиканың ара қатынасын ашады. Мәтінге стилистикалық талдау жасау, дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастырады

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің коммуникативтік грамматикасы

    Пән мазмұнында коммуникативтік грамматиканың теориялық негіздері, ерекшеліктері, жалпы және қазақ тілі білімінде зерттелуі қарастырылады. Коммуникативтік грамматиканың бірліктері, ұғымдары мен бағыттары туралы мәлімет беріліп, қарым-қатынас жасаудың тілдік механизмдері талданады. Мәтін мен оның құрамдас бөліктерінің грамматикалық жүйесінің моделін, яғни функционалды-семантикалық ерекшеліктерін, сөйлемдердің коммуникативтік типтерін түсіндіреді. Дәстүрлі грамматика мен коммуникативтік грамматика арасындағы байланыс пен айырмашылықтар талданады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 7
  • Ғылыми зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізу

    Пән мазмұны ғылым терминінің қолданысына шолу жасай отырып, ғылымның жіктелуін көрсетеді, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілуі мен оның кезеңдерімен таныстырады. Ғылыми зерттеулердің әдісі мен әдіснамасын үйрете отырып, ғылыми-зерттеу жұмысының дайындық кезеңдерін игереді. Ғылыми ақпараттарды өңдей алу туралы дағдылары қалыптасады. Ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялауды ғылыми этика қағидаларын білетін болады. Білім алушыларға қатысты ғылыми зерттеу жұмыстарының құрылымын меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Әдебиет теориясы

    Пән әдеби туындының табиғатын терең түсінуге, сондай-ақ әдеби-теориялық ұғымдар мен категорияларды ғылыми негізде меңгеруге бағытталған. Пән мазмұнында эстетикалық және әдеби ой-пікірлердің тарихи даму кезеңдері, әдеби мектептер мен ғылыми ағымдардың ерекшеліктері, эстетикалық категориялар, көркем бейне табиғаты, таңба, архетип, мотив, мифология, интерпретация, герменевтика сияқты қазіргі әдебиеттанудың негізгі ұғымдары қарастырылады. Білім алушылар әдебиет теориясының негізгі ұғымдарын ғылыми тұрғыдан игеріп, көркем туындыны талдауға дағдыланады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Интернет және ІТ лингвистика

    Интернет және ІТ лингвистика пәні ақпараттық технологиялар мен интернет тілінің өзара байланысын зерттейді. Пәнді оқу барысында білім алушылар интернет кеңістігіндегі тілдік құрылымдар мен терминологияны талдау, цифрлық коммуникациядағы тілдің өзгеруін бақылайды; интернет мәдениеті, әлеуметтік желілердегі тіл қолдану және компьютерлік терминология мәселелерімен танысады; Интернет және ІТ лингвистика пәні интернет тілінің құрылымы, компьютерлік терминология, киберқауіпсіздік, мультимедиялық контент және тілдің жаһандануын зерттейді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ әдебиеті

    Пән қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыты мен өзіндік болмысын ашуға, қазақ поэзиясындағы ұлттық рух пен тәуелсіздік идеясын терең меңгеруге бағытталады. Проза, поэзия, драматургия және сатира жанрларындағы жаңаша көркемдік ізденістер мен заманауи әдебиеттану жетістіктерімен танысуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік кезеңінде жазылған әдеби-сын еңбектерге шолу жасап, талдау машықтарын қалыптастыруды көздейді. Қазіргі авторлар шығармаларының мазмұндық, идеялық ерекшеліктерін жан-жақты зерделеуге үйрету.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақстанның жаңа дәуірі әдебиеті

    Пән тәуелсіздік идеясын негізге ала отырып, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыттарын, сондай-ақ проза, поэзия, драматургия және әдеби сын салаларындағы жетістіктерді білім алушыларға тиімді меңгертудің жолдарын жүйелеуге бағытталады. Еркіндік, бостандық пен отансүйгіштік идеяларын арқау еткен ұлттық сөз өнерінің жаңа дәуірдегі дамуын оқыту көзделеді. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық және жалпыадамзаттық адамгершілік-эстетикалық құндылықтары аясында оқыту ұстанымдарын қалыптастыру мақсаты қойылады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ тілінің синтаксис жүйесі және оқыту негіздері

    Пән қазақ тілінің синтаксис жүйесін, сөз тіркесі синтаксисі, жай сөйлем синтаксисі, күрделенген сөйлем синтиксисі, құрмалас сөйлем синтаксисі бойынша теориялық білім және оны оқытудың негіздерін қарастыруға бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: сөйлемдегі сөздердің байланысу тәсілдері мен түрлері, сөйлем мүшелері мен олардың түрлері, сөйлемнің өзіндік ерекшеліктері, мағыналық, мақсаттық, құрылымдық түрлері, сөйлем құрамында синтаксистік желіден тыс тұратын конструкциялар. Мектеп бағдарламасында синтаксис жүйесінің оқытылуы қарастырылады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 7
  • Емле және тыныс белгілерін оқыту әдістемесі

    Пән білім алушыда сауатты жазу дағдысының қалыптасуына бағытталған. Қарастырылатын мәселелер: дұрыс жазу қағидалары және тыныс белгілерін оқытудың психологиялық негіздері, ғылыми-тәжірибелік маңызы, орта мектепте емле мен тыныс белгілерін оқытудың тиімді әдістері, орфографиялық сөздіктің құрылысы, «Қазақ тілінің анықтағышы», орфографиялық және орфоэпиялық нормалар, қазақ орфографиясының принциптері, бөлек пен бірге жазылатын сөздер, бас әріптің қолданылуы, кірме сөздердің жазылуы, пунктуациялық ережелер мен тыныс белгілер тарихы.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Функционалды стилистика

    Пән функционалды стилистиканың зерттелуі, ерекшелігі, әртүрлі қатынас саласына байланысты тілді қолдану заңдылығын қарастыруға бағытталған. Оқыту барысында функционалды стиль, оның түрлері, олардың тілдік ерекшеліктері, сөйлеу кезінде тілдік бірліктерді қолдану заңдылықтары, негізгі ұғым-категориялары, әдеби тіл нормалары, тілдік құралдарды мәнмәтіннің қолданылу стиліне байланысты ерекшеліктері қарастырылады. Құрылымдық стилистика, қолданымдық стилистика, нормативті стилистика т.б. түрлерінің өзара ерешеліктері түсіндіріледі.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлем синтаксисі

    Пән білім алушыларға қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлем синтаксисіне қатысты теориялық мәселелерді игертіп, оны практикада орындай алу дағдысын қалыптастырады. Құрмалас сөйлем синтаксисін жалпы тілдік бірліктер аясында сипаттайды. Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлем жүйесінің даму заңдылықтарын, осы негіздегі іргелі зерттеу еңбектеріне шолу жасайды. Құрмалас сөйлемнің табиғаты, құрмалас сөйлемнің жасалу тәсілдері мен жолдарын меңгеріп, мағыналық топтарын талдауда ғылыми болжам жасауды игертеді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 7
  • Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті және оны оқыту негіздері

    Пән ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жаңа қалыптасу кезеңін терең меңгертуді мақсат етеді. Жаңа дәуір поэзиясындағы ұлттық-патриоттық, демократиялық және гуманистік бағыттағы шығармалармен таныстырады. Қазіргі қазақ прозасының даму үдерісін таныстырып, прозада көрініс тапқан патриотизм, отансүйгіштік, махаббат, нарықтық қатынастар мен экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөледі. Романдарда өмір шындығының тарихи ақиқатпен ұштасып бейнеленуіне, деректі романдар жанрының өркендеуіне назар аударады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Жалпы тіл білімі

    «Жалпы тіл білімі» оқу пәні - теориялық курс, ол филологтардың тілдік даярлығын аяқтайтын қорытынды курс болып табылады. Пән мазмұны жалпы тіл білімі ғылымының негізгі нысанына енетін тіл теориясы, тіл тарихы, тілдің табиғаты мен мәні, тіл мен сөйлеу, тілдің қоғаммен байланысы, тілдің қалыптасуы мен дамуы, лингвистикалық мектептер мен бағыттарды, лингвистикалық талдаудың әдістері мен тәсілдерін қарастырады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5

Оқыту нәтижелері

  • Әлеуметтік-мәдени, экономикалық-құқықтық, экологиялық білімдері мен коммуникативтік іскерліктерді көрсете білу, қоғамның қазіргі заманғы даму үрдістерін ескере отырып, ақпараттық технологияларды қолдану.
  • Оқушылардың жеке, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту мен критериалды бағалаудың заманауи технологияларын қолдану.
  • Тіл мен әдебиеттің құрылымдық қырларын жан-жақты меңгеру және алған білімін мектеп бағдарламасымен байланыстырып, іс жүзінде қолдана алу.
  • Білім беру және кәсіби қызметтегі педагогикалық-психологиялық мәселелерді шеше алу.
  • Тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының теориялық негізін меңгерге отырып, оның маңыздылығы мен алатын орнын, даму тарихы мен бүгінгі жағдайын салыстыра талдай алу.
  • Жалпы адамзаттық құндылықтарды айқындай отырып, әр түрлі дәуірлердің көркемдік құбылыстарын түсіндіріп және түрлі жанрлардағы көркем шығармалардың құрылымын талдай алу.
  • Қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің тарихы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, филология ғылымының өзекті мәселелерін зерттеуді түсіндіре алу.
  • Әдебиеттану ғылымы мен лингвистиканы зерттеудің жаңа әдістері мен тәсілдері аясында алған білімін тәжірибе жүзінде қолдану және өз бетімен танымдық бағытта ойлау мен талдау қабілетіне ие болу.
  • Кәсіптік мақсат үшін оқыту ортасында пайдаланатын әдіс пен тәсілдемені, әдістеменің зерттеу бағыттары мен зерттеу әдістерін саралап, оқыту технологиясын бірізді және орынды қолдану, ғылыми тұрғыдан сараптамалық талдау жасау.
  • Оқыту мен тәрбие үрдісінің негізгі идеяларын, заңдарын, заңдылықтарын, ұстанымдарын кәсіби қызметте қолдана алу.

Ұқсас БББ

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Қазақстан-Американдық еркін университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

А.Қ.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімін даярлау

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті (ОҚМПУ)

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті

6B01701 Қазақ тілі және әдебиеті

Сулейман Демирель атындағы университеті

6B01701 Қазақ тілі мен əдебиеті

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (QYZPU)

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов атындағы университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті (Yessenov University)

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Шымкент университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті (ҚарУ Е.А.Бөкетов)

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Қызылорда "Болашақ" университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті (IP)

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (БҚИТУ)

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

«Bolashaq» академиясы (Болашақ)

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты (Ы.Алтынсарин атындағы АПИ)

6B01701 Қазақ тілі мен әдебиеті (IP)

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті

Top